Кез келген тілдің маңыздылығы, бәсекеге қабілеттілігі – оның барлық саладағы қолданыс аясымен бағаланатыны мәлім. Қолданыс аясы неғұрлым кең болған сайын, тілдің де өміршеңдігі артып, қажеттілігі күшейе түседі. Бұл – заңдылық. Мәселен, бүгінде дүниежүзінде қолданылатын ағыл­шын тілі туралы көпшіліктің пікірі осындай. 
Иә, тіл заман ағымына қарай жаңарып, үздіксіз дамып отыратын үдеріс екенін ескерсек, оның дамуына серпін беретін салаларды да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Олар – экономика, қаржы салалары. Өйткені мұнда да қордаланған мәселелер аз емес.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні қазақ тілінің қолданысы экономика саласында кенже қалып келеді. Аударма тілге айналғаны аздай, сол аударылып берілетін ақпарат­тың сапасының өзі көңіл көншіте бермейтіні рас. Ақпараттардағы орашолақ сөздер, сапасыз аударма, кейбір терминдерді ретсіз пайдалану, орфографиялық, стилистикалық қателер… айта берсек көп. Бүгінде көпшілік қауым өзіне қажетті ақпа­раттың денін ғаламтор арқылы алатыны белгілі. Бірақ көбінесе тұты­нушылар қазақ тіліндегі ақпарат (оны дайындаушылардың біліксіздігінен деп түсінейік) өте сапасыз болғандықтан, орыс тіліндегі мәліметтерді алуға мәжбүр болатынын жиі байқаймыз. Бұған мемлекеттік органдар да аз «үлес» қосып жатқан жоқ. Өйткені олар­дағы құжаттар алдымен орыс тілінде дайындалып, содан кейін барып қазақшаға аударылатыны аян. Ал аудармамен айналысатын мамандардың біліктілігі мен құзыреттілігі әрқилы.

Расымен де, сапасыз, қойыртпақ аударма, ақпарат кімге керек? Өкініштісі сол, бұл үдеріс қазақ тілінің мүмкіндігі мен бәсекеге қабілеттілігіне қатысты теріс пікірлердің тууына себепші болуда.
Кеңестік кезеңде экономика тілі орысша болды, қазақ тілі ол саладан мүлде шеттетілді дегенімізбен, тәуелсіздік алған жылдары экономиканы қазақ тілінде сөйлету қадамдары жасалды. Сан алуан сөздіктер шығарылып, мыңдаған терминдер аударылды. Бірақ кейбір банктер мен қаржы секторы тәрізді салалар бәрібір де қазақша сөйлер емес. Оған еліміздегі екінші деңгейлі банктердегі қазақ тілінің қолданысына қарап көз жеткізуге болады.
Бүгінде банк қызметін пайдаланбайтын адам кемде-кем. Кез келген тұтынушы банк арқылы несие алу, депозит ашу, коммуналдық және т.б. төлемдер жасайтыны белгілі. Бұл орайда банк операциялары жөнінде ақпарат көзі қажет. Оның ең оңай жолы – ғаламторға жүгіну. Осы ретте екінші деңгейлі банктердің ғаламтор сайттарындағы ақпарат қатардағы қазақтілді тұтынушы сұранысын қанағаттандыра ала ма деген мәселе туындайды.
Статистикалық дерек бойынша, елімізде екінші деңгейлі 35 банк бар екен. Соның ішінде шетелдік банктердің 16 өкілдігі жұмыс істейді. Екінші деңгейлі банктер негізінен төлемдер, салымдар, несиелік және басқа да қаржылық операцияларды орындайды, яғни халыққа тікелей қызмет көрсетеді. Демек, ана тіліміздің аясын кеңейте түсуде банктердің қазақ тілінде қызмет көрсетуі үлкен рөл атқарады.
Біздіңше, банктердің ресми ғаламтор-ресурстарында кездесетін негізгі кемшіліктер – қазақ тілінде ақпарат беретін парақшаның мүлде болмауы, қазақ тіліне тән әріптерді дұрыс жазбау, емле қателері. Енді нақты мысалдарға жүгінсек. Айталық, «Ресей Жинақ банкінің» еншілес банкінің сайты қазақша толыққанды ақпарат бермейді. Жалпы, «Сбербанк» Қазақстанда қаржылық операциялармен 2007 жылдан бері шұғылданып келеді. Еліміздің аумағында қызмет жасайтын кез келген шетелдік мекеме осы елдің заңдарын құрметтеуге міндетті. Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңда халықтың қазақ тілінде ақпарат алу құқықтары бекітілген (24-бап). Сонда «Сбербанктің» ғаламтор сайтындағы қазақша ақпараттарының сапасы неліктен төмен?
Еліміздегі он ірі банктің қатарына кіретін «Сбербанк» қызметін ҚР тұрғындарының 30%-ы пайдаланады, оның өңірлерде тағы да 16 филиалы бар, яғни банк Қазақстан аумағында қаржылық қызметін кеңінен жүргізуде. Сонда осы уақытқа дейін бірде-бір тұтынушының қазақ тіліндегі ақпараттың дұрыс берілуін талап етпегені ме деген ой келеді. Жаңағы 30%-ға кіретін банктің қазақтілді тұтынушылары да ҚР-ның азаматы ретінде өз тілінде сапалы әрі толық ақпарат алуға құқылы емес пе? Шетелдік банктер алдымен өздері қызмет істеп жатқан мемлекеттің заңдарын сыйлауы тиіс. Бұл – әлемде қалыптасқан тәжірибе. Қай елге барсаң да, сол елдің мемлекеттік тілінде қызмет жасалады. Сырт елдерден келген компанияларға да, фирмаларға да сондай талаптар қойылады. Өркениетті қоғамда қалыпты жағдай саналады. Қазақстандағы шетелдік компаниялар мемлекеттік тілге атүсті қарайтыны жиі айтылып жүрген мәселе. Демек, мемлекеттік тілге байланысты заң талаптарын күшейтетін кез келді. Мұндай талаптың ең бастысы – сол мекемедегі және мекемеге қарасты ақпарат ресурстарының толыққанды қазақ тілінде қызмет көрсетуі.
Жалпы, біздің байқауымызша, елімізде мемлекеттік тілде ақпарат бермейтін банк­тер бар екені ешкімді аса алаңдата да, таңырқата да қоймайтын тәрізді. Бұл бейне бір үйреншікті жағдайға айналып кеткендей әсер қалдырады. Оған «Астана банкінің» ресми сайтына шолу жасаған кезімізде көз жеткіздік. Бұл банктің сайты тұтынушыларға тек орыс тілінде қызмет көрсетеді. Неліктен олай? Сонда олар үшін қазақ тілі мемлекеттік тіл емес пе? Өз қызметін тек орыс тілінде өрістетіп, дамытып отырған мекемелерге мемлекеттік тілді қолдану жөнінде неге талап қойылмайды? Мұндай сорақылық қашанға дейін жалғаса бермек?
Айтыла-айтыла жауыр болған бір мәселе терминдерге қатысты. Банктер «кредитті» бірде несие (мысалы, «Kaspi bank»), бірде кредит («Нұрбанк») деп қолданады. Қаржы саласындағы басқа да көптеген терминдерді қолдануда әлі күнге дейін бірізділік жоқ. Неге? Шынтуайтына келсек, банк терминдерінің аудармасында да ортаға салар мәселелер аз емес. Оның барлығы қашан реттеледі? Әрине, тиісті мамандар талқылайды, дөңгелек үстел өткізеді. Бірақ, нәтиже мардымсыз.
«Қазинвестбанк», «Фортебанктің» ғалам­тордағы қазақша парақшасында «қ», «ң», «ә», «і», «ғ», «ү», «ұ» әріптерін қате жазу үйреншікті көрініске айналған сыңайлы. Зерттей отырып, банктерде бүкіл қызмет тек ресми тілде жүргізіле ме деген ой қалыптасады. Осыдан келіп орыс тілінен аударған кезде қазақ тілінің заңдылықтарын елемеу, немқұрайды қарау белең алады. Бұл жағдай «Альфабанк», «Хоум Кредит Банкі» сайттарында да жиі кездесті. Тіпті, «Хоум Кредит Банкі» сайтындағы «Все о депозитах – депозиттердің барлық», «Банк всегда под рукой – банк әрдайым қол астында» деген орашолақ аудармалар қазақ тіліне дұрыс мән бермей, салғырт қараудың нәтижесі. Қазақ тілін орыс тілінің сөз саптауына салудан пайда болған жасанды сөз тіркестеріне тіпті құлағымыз үйрене бастағандай, ешкім ескерту жасайтын емес.
Тағы бір жиі кездесетін кемшілік – қазақша тақырыппен орыс тіліндегі ақпараттың берілуі. Бұл да тұтынушының құқығын аяққа таптаудың айқын көрінісі. Мұндай кемшіліктер, тіпті, Ұлттық банк сайтында да бар. Сондай-ақ, «Хоум Кредит банк», «Сбербанк», «Фортебанк» және т.б. банктер сайтында осындай өрескелдіктер кездесті.
Ал қазақ тілінде қызмет көрсету деңгейі біршама жоғары банктердің қатарында «Халық банкі», «Центркредит банкі», «Казкоммерцбанк», «Kaspi bank» тұр. Бұл мекемелердің сайтынан қазақ тілінде толыққанды ақпарат алуға болады. Міне, мемлекеттік тілге осындай көзқарас қалыптасуы қажет.
Жалпы, мына мәселені ескеруіміз керек. Банк саласындағы қазақ тілін талапқа сай ету – бүгінгі күндегі тіл саясатының басты міндеттерінің біріне айналуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, біз ілгері жылжи алмаймыз.
Банк тіліндегі қателіктердің түзетілуін қадағалауды азаматтық қоғамның мүшелері ретінде өзіміз де мүдделі болуға тиіспіз. Жалпы, қазақ тіліне қатысты мәселелерде әрбір азамат күнделікті өмірде өзінің заңды құқықтарын талап етіп отырса, бұл саладағы кемшіліктер жойы­лар еді. Қаржы, банк саласы тәрізді негізінен орыс тілді мекемелерде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету, қызметкерлерге қазақша сөйлеу, ақпарат сұрау дағдылы жайтқа айналуы қажет. Сонда ғана қазақ тіліне деген сұраныс бар екендігі мойындалып, тиісінше жауап та болатыны сөзсіз.
Тіл мәселесінде ұсақ-түйек жоқ. Болмауы да тиіс. Банкоматтардан ақша алар кезде көпшілігіміз қызмет тілі ретінде қазақ тілін таңдай бермейтініміз рас. Мұнымызбен біз мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге қандай үлес қосамыз? Банк­тер өздері ұсынатын әрбір қызмет түрі бойынша статистика жүргізіп отырады, оның ішінде банкоматтардағы қазақ тіліне сұраныс та бар. Терминалдар мен банкоматтарда міндетті түрде қазақ тіліндегі батырмаларды пайдалануды баршамыз ескергеніміз жөн.
Сонымен қазақ тілі кейбір банк­терде осындай мүшкіл жағдайды бас­тан кешіруде. Қоғамда бірде-бір сала дербес, өзімен-өзі оқшау дами алмайды. Тіл қоғам өмірінің барлық саласымен тығыз байланыста дамығанда ғана тіл қолданыстан шықпайтынын ұмытпауымыз керек. Ғылым мен білім, елдің техникалық, экономикалық даму дәрежесі ұлт, тіл, мәдениет, салт-дәстүр ұғымдарын қоса қамтиды. Қазақстандық қоғамның бүгінгі даму кезеңінде мемлекеттік тілдің шынайы ахуалын дұрыс бағамдап, соған сай әрекет ету барлық салада оның қолданыс деңгейін арттырудан басталуы тиіс.
Жоғарыда аталған және басқа да өрес­кел­діктердің салдарынан тіліміз аударма тілге айналып барады. Осыған дейін тілдің атқаратын функциясына тиісті көңіл бөлмеуіміз мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Қазақ тілі бүкіл қоғаммен біртұтас дамыса, әрбір саладағы стратегиялық міндеттердің қатарына тіл мәселесі де алынса, жағдай жақсы жағына қарай өзгерер еді. Шын мәнінде, тіл бірлігі осы елде өмір сүріп жатқан әрбір тұрғынның өзінің жеке басының, ұрпақтарының болашағын мемлекет болашағымен ұштастыруға негіз бола алады. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру міндеті де осыны көздейді. Қазақстандағы кез келген ұйым немесе құрылым өз қызметінде басты заңмен бекітілген мемлекеттік тіл қағида­ларын қатаң басшылыққа алуға міндетті емес пе? Президент Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біздің міндетіміз – қазақ тілін барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту» деп атап көрсеткен болатын. Бұл міндет қоғамның барлық саласына қатысты. Қазақ тілін бар салада, атап айтқанда, экономика, қаржы саласында толық қолдану жұмысын түпкілікті әрі нәтижелі етіп жүргізуге баса көңіл бөлінсе, сонда ғана іс нәтижелі болмақ. Ол үшін банктің іс қағаздары әуелі қазақ тілінде жазылып, бүкіл мекемелердегі қызмет мемлекеттік тілде жүргізілуге басымдық берілуі тиіс.

Сонымен қазақ тілі кейбір банк­терде осындай мүшкіл жағдайды бастан кешіруде. Қоғамда бірде-бір сала дербес, өзімен-өзі оқшау дами алмайды. Тіл қоғам өмірінің барлық саласымен тығыз байланыста дамығанда ғана тіл қолданыстан шықпайтынын ұмытпауымыз 
керек.

 Дина Имамбаева