Бүгінде ғаламтор күнделікті өмірімізде кең қолданыс тауып, барлық салада ақпараттың негізгі көзіне айналып үлгергені мәлім. Статистикалық деректер бойын­ша, елімізде ғаламтор желісін пайдаланушылардың саны 12 млн-нан асады екен. Бұл Қазақстан азаматтарының 70 пайыздан астамы компьютерлік технологияларды қолданатынын байқатса керек. 

   Қазіргі таңда ғаламтордағы сайттар, әлеуметтік желілер БАҚ-тың бір түрі ретінде қызмет етуде. Олай дей­тініміз, тұтынушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету жағынан ол дәстүрлі баспасөзден екі есеге көп. Оның үстіне интернет ұсынатын мүмкіндіктердің ауқымы кеңейіп келеді. Ал жалпы бұл қызметті тұтынушылардың 60 пайызы әлеуметтік желілерге өздеріне қажетті ақпарат іздеп кіреді екен. Ендеше, сол ақпараттың қазақ тіліндегі сапасы қандай деген мәселенің туындайтыны рас. Қазақ тілі дегеніміз – бұл мемлекеттік тіл. Демек, ғаламтордағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен түйткілді мәселелері арнайы зерттеуді қажет етеді. Мәселен, тіл мәдениеті мен тіл тазалығы, сөз қолданысының талапқа сай болуы, тіл заңдылық­тарының сақталуы және т.б.
    Көпшілігіміз жақсы білетіндей, тіл саласы – қоғамдық өмірдің бір бөлшегі, мемлекеттіліктің нышаны. Ал осыған біз қаншалықты мән беріп, оның нақты мәселелеріне зер салып отырмыз? Тіл – жанды үдеріс болғандықтан, ол бір арнада тоқтап тұрмайды. Десек те, бұл бағыттағы кемшін тұстарды саралап отыруымыздың қажеттілігі даусыз.
    Сонымен қатар ғаламтордағы тіл мәселе­сінің түйткілдерін ой елегінен өткізген тұста қазақ тілін ­заманауи тіл дәрежесіне көтеру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы да тіл жан­ашырларын толғандыратыны анық. Өйткені ғаламтор шек-шарасы жоқ ақпарат кеңістігі болғандықтан, оның тіліміздің аясына тигізетін оң әсері де жоқ емес. Олай болса, тілдің аясын кеңейту бағытында сапасына мән беру, бұдан келіп туындайтын өзге де мәселелерге назар аудару маңызды болып табылады. Қалай дегенмен, басты мақсатымыз – ана тілімізді ғаламтор заманында уақыт талабына бейімдеу. Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегия­сында: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді» деген болатын. Ендігі мақсат – қазақ тілінің білім мен ғылым, интернет саласындағы қолданысын барынша дамыта түсумен тығыз байланысты екені сөзсіз.
    Тіл мәртебесі елдің, ұлттың мәртебесі екенін терең ұғынып, осы бағыттағы шараларға үн қосып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың бірі – «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры. Аталған үкіметтік емес ұйым 2015 жылы ғаламтор сайттарындағы мемлекеттік тілдің ахуалын зерттеп-зерделеуге бағытталған «Til-audit.kz» атты арнайы жобаны қолға алған болатын. Осы жоба аясында мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық компаниялардың, оқу орындарының ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің қолданыс сапасына назар аударылды.
   Айта кетейік, «Til-audit.kz» жобасы қазіргі заманғы технология­лар негізінде әзірлене отырып, ғаламтор желісіндегі ресми сайттарға мониторинг жасаудан басталды. Мониторингтің басты мақсаты – қазақ тіліндегі ақпараттың сапасы, толықтығы, қолжетімділігі болды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Тіл туралы», «Тұты­ну­шылардың құқықтарын қорғау туралы», «Ақпараттандыру туралы» заңнама талаптары басшылыққа алынды. Айталық, «Ақпараттандыру туралы» Заңның 17-бабы 5-тармағында «Мемлекеттік ақ­параттық жүйелердегі қазақ тіліндегі ақ­параттың көлемі орыс тіліндегі ақпарат көле­мінен кем болмауға тиіс» екені де ескерілді.
   Сонымен, жоба жүзеге асырыла баста­ғаннан бері еліміздегі 13 министрліктің, 14 облыс, Алматы және Астана қаласы әкімдіктерінің, ұлттық компаниялар мен жоғары оқу орындарының, банктердің ресми сайттарындағы мемлекеттік тілдің жағдайына мониторинг жүргізілді. Соның ішінде министрліктер мен әкімдіктер сайттарындағы тілдік ахуал жеке сөз қозғауды қажет етеді.
    Мониторинг жүргізілгеннен кейін, анықталған кемшіліктер мен қателіктер автоматты түрде сол ресурс иесінің электронды поштасына жолданып отырды.
Жоба қолға алынған уақыт аралы­ғында барлығы 455 ескерту-хат жолданып, оның тек 12 пайызы ғана оң шешім тапты. Жіберілген 268 хат жауапсыз қалды. Бұл хат жолданған мемлекеттік органдардың қазақ тілінің мәселесіне бейжай қарайтындығын көрсетті. Бұл мемлекеттік органдар қазақтілді ақпаратты ғаламторда ілгерілетуге, ақпараттық құрылымды дамытуға неліктен тиісті көңіл бөлмей отыр деген заңды сауал туындайды. Мемлекеттік органдардың өздері қазақ тіліне байланысты заң талаптарын орындамай отырғаны қынжылтты.
      Жалпы, мониторинг барысында анықтал­ғандай, ресми органдардың бәріне тән олқылық – қазақ тілін аударма тіл ретінде ғана қолданатындықтары. Мемлекеттік органдарда қазақша ақпаратпен қамтама­сыз ету негізінен аудармашыларға ғана жүктелгені жасырын емес. Тіпті сайттардың қазақша нұсқасындағы кемшіліктерді де сол ау­дармашыларға сілтей салу да жоқ емес. Қазақ тіліндегі ақпараттың жетіс­­пеу­шілігінің, толық еместігінің, сапа­сыз­­дығының бір себебі осында деп білеміз.
    Енді нақты деректерге сүйене отырып айталық, ресми сайттар арасында Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігінің сайттары мемлекеттік тілге дұрыс көңіл бөлмейтінін байқа­дық. Олардан Білім және ғылым министрлігі де қалысар емес. Инвестициялар және даму министрлігінің ресми сайтындағы қазақ тілінің сапасына қатысты 83 хат жолданды. Оның басым көпшілігі әлі түзетілуін күтуде.
   Аталған министрліктің тұтынушы­ларға ұсынатын ақпарат көзіндегі кемшіліктер, негізінен, орфографиялық қателерден бастап, сөйлем құраудағы, аудармадағы қателіктермен жалғаса береді. Сондай-ақ қазақ тіліндегі ақпараттың толықтығы да көңіл көншітпейді. Мысалы, қазақша жазылған сілтемені ашсаңыз, орыс тіліндегі мәлімет шыға келеді.
   Жалпы, министрліктер құрамына кіретін комитеттер де өздерінің жұмыс жоспарларын, есептерін, мемлекеттік сатып алулар туралы ақпаратын қазақша ұсынуға баса назар аудармай отырғанын айта кеткеніміз жөн. Мысалы, Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті өз парақшасында республикамыздағы орыс тілінде жазылған пайдалы қазбалар, минералдар, жер асты сулары туралы мәлі­меттерді қазақ тілінде жариялауды қажет деп таппаған сыңайлы.
     Тіпті министрлік қызметкерлері өз мекемесінің атауын да дұрыс білмейтіндей. Авто­мобиль жолдары комитетінің парақ­шасында министрлік атауы «Қаржы салу және дамыту министрлігі» деп берілгені қалай?
   Әсіресе, осы тұста орыс тілінен тікелей аударылатын мәтіндердің қисынсыздығы ойлантпай қоймайды. Оған мына бір мысалдарға назар аударсаңыз көз жеткізе түсесіз: «Қалай АЭА қатысушысы болуға болады», «еріп жүру», «обращение» – бірде «жолданым», бірде «жүгіну» және т.б. орашолақ аудармалар бұл орайда шешімін табуы тиіс мәселелердің бар екенін алға тартады. Осы кемшіліктерді атап көрсетіп хат жолдаған едік. Әзірге жауап берілер емес.
    Қаржы және Ұлттық экономика ми­нистр­ліктерінде де қазақ тілінің ахуалы мәз емес. Бұл аталған органдардың ресми сайттарында жоғарыда аталған қате­ліктерден көз сүрінеді. Мұнда да заң мәтіндері, рұқсатнамалық құжаттар, баға белгілеу, бақылау-қадағалау жұмыстары, көрнекі мәліметтер және т.б. тек ресми тілде беріліп отыр. Аударма сапасы да ешқандай сын көтермейді. Мысалы, «Вопросы противодействия коррупции» деген бөлім атауы «Сыбайлас жемқорлықтың қарсы әрекетінің сұрақтары» деп аударылыпты. «Ұлттық» атын иеленгенмен, ұлт тіліне бейжай қарайтын министрлік мұндай жайтқа қалайша жол бергені түсініксіз.
    Осы кемшіліктер жөнінде Ұлттық эко­номика министрлігінің электронды поштасына «Til-audit.kz» сайтының аты­нан жіберілген хаттарға жауап болма­ғандықтан және кемшіліктер түзетілмегендіктен, Қаржы және Ұлттық экономика министр­дің өз атына «Қазпошта» арқылы да хат жолдан­ған еді. Алайда бұл хатымызға да әлі күнге дейін жауап берілмей отыр. Сонда мемлекеттік тілге байланысты мәселелер олар үшін маңызды болмағаны ма? Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның 8-бабына сәйкес, мұндай хаттар 15 күннің ішінде қаралуы тиіс еді. Аталған заң талаптарының министрлікке қатысы жоқ па, әлде қазақ тілінде жауап беруге қиналып отыр ма, ол жағы бізге белгісіз.
     Алдағы уақытта біздің тарапымыздан жүргізілген мониторингтік зерттеу­лер жалғасын таппақ. Біздің көздеген міндетіміз – мемлекеттік мекемелердегі, министрлік сайттарындағы қазақ тіліне байланысты орын алып отырған олқылық­тарға қоғамның назарын аудартып, кемшіліктерді түзетуге ықпал ету. Қол жеткізген нәтижелерімізбен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бөлісіп отырсақ, мұндай көкейкесті мәселелердің талапқа сай шешім табуына азды-көпті үлесімізді қоссақ, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
      Сөз соңында айтарымыз, ғаламтор жүйесіндегі мемлекеттік тілдің дамуына әрбір азамат мүдделі болса дейміз. Ресми және жекелеген ақпараттық сайттарда тіл мәселесінде байқалған кемшіліктер болса, мәселе көтеріп, азаматтық белсен­ділік танытсақ, қазақ тілінің ақпарат кеңіс­тігіндегі сапасын ілгерілетуге септігімізді тигізетініміз сөзсіз.

Дина Имамбай

 

Мақала республикалық "Ана тілі" апталығында жарияланды - 30.06.2016 ж. №25.