Тіл – тірі ағза, үнемі жаңарып, үздіксіз дамып отырады. Заманның ағымына қарай жаңа сөздер қосылуы заңды. Осындай жаңа сөздердің негізгі легін терминдер құрайды. Қазіргі ғылым мен технологияның қарқынды даму кезеңінде бұл құбылыс, тіпті, үдей түсті. Әлем бойынша ғылым мен білімнің, экономика мен қоғамдық өмірдің саналуан саласында ай сайын емес, күн сайын қаншама жаңа термин дүниеге келуде. Ғылым мен техника бізге негізінен батыстан келетін болғандықтан, жаңа сөздер де сол тұстан келеді. Ал, осы жаңа сөздер мен терминдердің тілімізге тастай батып, судай сіңуі оны қазақша сөйлетуге тікелей байланысты. Жаңа жасалған термин айтуға жеңіл, көкейге қонымды, айтылған ойды анық білдіретін болса, бірден қолданысқа еніп, тарап кетеді. Яғни, терминнің өміршеңдігі оның сапасына байланысты. Міне, осы тұста көбінесе тығырыққа тірелетініміз бар. Әсіресе, өміріміздің ажырағысыз бір бөлшегі – экономика, қаржы, бизнес саласындағы терминдер қолданысы жиі сынға ұшырап келеді.  Мұның бәрі айналып келгенде, тілді тұсап, көкжиегін кеңейтудің орнына кідіртіп, сыңаржақ пікірлердің тууына негіз болып жүр. Өйткені, ғылымның, экономиканың тілінде толыққанды сөйлемейтін тілдің келешегі күмәнді.

«Келелі кеңестің» кезекті отырысы дәл осы экономика мен қаржы, бизнес саласындағы термин қолдану мәселесіне арналды. Кеңеске Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, 30 томдық терминологиялық сөздікті құрастыру тобының жетекшісі Асқарбек Құсайынов, Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университеттің ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты Салтанат Таменова,экономика ғылымдарының докторы, профессор Ұзан Ысқақов, Жаңа экономикалық университеттің қазақ тілі оқытушысы Жанар Евескина, осы университеттің доценті Асылбек Базарбаев және ақын, «Мәдениет» журналы бас редакторының орынбасары Мырзан Кенжебай қатысты.


– Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәр­тебесін иеленгелі бергі уақытта білім мен ғылымның бүкіл саласы ана тілімізде сөйледі, терминдік қор қалыптасты. Осы уақыт ішінде бірнеше ондаған салалық терминологиялық сөздіктер жарыққа шықты. Соның бірі әрі бірегейі – қазақ тіліндегі 30 томдық салалық терминологиялық сөздік. Осы сөздіктің қазақ терминтану ғылымындағы алатын орны қандай? 


А. Құсайынов: – Термин жасау, тіл тазалығы бәрі бір-бірімен ұштасып жатқан дүниелер. Термин жасау – біріншіден, шығармашылық іс, екіншіден, ғылыми  мәселе.Ол үлкен жауапкершілікті, дайын­дықты, білімді қажет етеді.Осы сала­дағы олқылықтарды жою мақсатымен Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті терминологиялық сөздік жасау жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл жұмысқа Педагогикалық ғылымдар академиясы тартылып, 2014 жылы 30 томдық салалық терминдер топтамасы жарыққа шықты. Бұл сөздіктер ғылым мен техниканың, экономиканың барлық салаларын қамтиды. Сөздікті жасауға 52 мекемеде жұмыс істейтін 350-ге жуық адам қатысты, оның ішінде 44 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты бар. Сөздікті жасау барысында әрбір сала бойынша авторлар ұжымы құрылды және де тіл тазалығын сақтау үшін әр­бір авторлар ұжымының құрамына А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тілші-ғалымдары тартылды. Сөздік жасау жұмысы бірнеше сатыда жүрді: алдымен авторлар ұжымы терминдерді құрастырып шықты, одан кейін ұқсас салаларды біріктіріп талқылады. Мысалы, химия, биология, медицина, экологияда ортақ 2000-дай термин бар. Ал, физика, математика, астрономия, информатика, электр энергетикасы, радиотехника бойынша 1700 ортақ термин талқыланды. Оларды әр сала әртүрлі айтпауы үшін, топтастыру, реттеу керек. Әрбір талқылауға 40-50 адамға дейін қатынасты (талқылау сәттерін бейнелейтін фотосуреттерді көрсетті – Д.И). Бұл жұмысқа авторлар үлкен жау­апкершілікпен қатысты. Талқылаудан өтетін терминдерді БАҚ арқылы халыққа ұсынып отырдық, «Ана тілі»  газетіне нөмір сайын берілді. Өйткені, тіл – халықтікі. Кейде оқырман тарапынан да тың, керемет пікірлер келіп түсті. Келесі сатыда әрбір сала бойынша терминдерді бірізділендіруге мән берілді (Айталық, техникада бір ғана кесуге қатысты 12 құрал, қысу құралдары – 17, бөгенге қатысты 33 термин бар). 

ҚР Үкіметі жанындағы  Терминоло­гиялық комиссияның қарауына 10-12000 термин келіп түседі, оның бәрін тексеріп шығу мүмкін емес. Сондықтан, біз Терминком тарапынан бір сөздікке бір адам жауапты болып, мұқият қарауын өтіндік.  Әр сөздікке Терминком, БАҚ құралдары арқылы 2-3 мыңға дейін пікір айтылды. Дер кезінде айтылған пікірлер авторлар ұжымына беріліп, қайта талқыланды. Осын­дай қыруар жұмыстың нәтижесінде Елбасының тапсырмасы орындалып, Қа­зақстанда терминологиялық қор түзілді, ол қорда 250 000-нан астам термин бар. 


– Терминологиялық комиссия тарапынан қаралып, бекітілген осы тер­миндердің қолданысы әлі де біркелкі емес, – сөздікке енгеннің бәрі  тілге енді деген сөз емес. Олай болса, терминдерді осы сөздік бойынша қолдануға міндеттеу жағы, яғни, заңды күші белгіленген бе?


А. Құсайынов: – Айталық, қаржы және экономика сөздігінде берілген 12000 термин түгел бекітіліп, барлығы мақұлданды дедік. Алайда, бір ғана экономика және қаржы сөздігі шыққанға дейін осы салада 20-30 сөздік шыққаны мәлім. Оған қоса, қазір сөздік шығару қиын емес. Бірақ, мұнда мынадай шешімді аттап өте алмайсыз: егер, сіз, мемлекеттік деңгейде, мемлекеттік мекеме деңгейінде қандай да бір сала бойынша сөздік шығарам десеңіз, оны Терминкомнан  өткізу керек. Айталық, сіз экономикалық сөздік жасағыңыз келсе, терминком мұндай сөздіктің шыққанын,  мақұлданғанын айтады. Ал, енді сіздің сөздікте сол терминдер қайталанатын болса, онда ол сөздерді  алып тастайсыз, ал, жаңа сөз болса, қосыңыз, мына сөздіктегі терминдерге келіспейтініңіз бар ма, оны жеке жасап алып келесіз, олар талқылаудан өтуі тиіс. Сонда ғана, сіз, жасаған жаңа сөздік терминдік қорға қосылады. Бұл термин жасау ісінің Қазақстанда белгілі бір деңгейге жеткенін білдіреді. Әркім өз бетімен жеке-жеке жұмыс жасаудың, тыңнан сүрен салудың қажеті жоқ.

 Әлбетте, мұнымен термин жасау ісі тоқтап қалмайды, термин деген дамып отыратын дүние. Соның бәрі шашырамай, біркелкі, бірізді болуы үшін, бұдан былай, осы, 30 томдық сөздіктің негізінде сөйлейік. Бұны  таратуға өз кезегінде БАҚ өкілдері де үлес қосуы керек, сонда ғылым да,  газет-журнал, теледидар да, барлығы термин сөздерді біркелкі қолданатын болады. Егер, терминге қиянат жасалып жатса, оны да айтқан жөн. Сонда ғана термин түзеледі. Ел болып пікірлеріңіз болса айтыңыздар, авторлар ұжымы оны қарауға дайын. Әйтпесе, әркім бір жазған, бұрмалаған  термин сөздіктің берекесі де, пайдасы да болмайды. Бұл бір адамның қолынан шыққан дүние емес, авторлар ұжымының жұмысы, осы уақытқа дейін шыққан 80-90 сөздік бір жүйеге келтірілді, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл институты, ғалымдар, ел-жұрт болып, бір тоқтамға келді. Енді, алдымызда бар дүниені пайдаланып, осы негізде терминологияны әрі қарай дамыту мәселесі тұр. 

 

Ұ. Ысқақов: – 30 том­дық салалық терми­нологиялық сөздіктің бұ­рынғылардан ерек­шелігі бар. Экономист ретінде айтатын болсам, мына сөздік, бірін­шіден, экономика, қар­жы, есеп бірге берілген. Ал, статистика саласы бөлек боп шықты. Екіншіден, бұрынғы сөздіктерді жасауға қатысқан, 80-90 жастағы ағаларымызды шақырып, олардың тәжірибесін, білімін қолдану жағы да ескерілді. Сөздік қазіргі заманға сай жасалды, жаңа терминдер көп. Әрине,  қазір бір мекеме былай, екіншісі өзінше қолданады. Сондықтан, қазіргі практикада да, теорияда да  қолданатын сөздерді бірізділендіруге баса мән берілді, айталық, бұрынғы  сөздіктерде кездеспейтін потерянный налоговый кредит,  вещественный налог, мертвый актив деген терминдер бірінші рет кіргізілді. Міне, бұл сөздікте осындай жаңалықтар көп.  Қазір, мысалы, біздің экономикалық университетте қазақ топтарында сабақ беретін оқытушылар осы сөздіктің негізінде тек қазақша терминерді қолданады, орысша термин қоспайды. Сондықтан да, біз бүгін бұл сөздікті Қазақстанда шыққан, қазақша түсініктеме берілген, жаңа сөздік деп санаймыз. 


– Әрбір термин ұлт тілінің негі­зінде жа­салуы тиіс. Жалпы, термин жасаудың бірнеше жолы бар, олар: аудару, жаңа сөз жасау, түбірге жұрнақ, жалғау қосу (туынды сөз), екі сөзді тіркестіру. Сөз­дікті құрастыру барысында қандай қағидалар басшылыққа алынды? Қа­зақ тілінің өзіндік заңдылықтары, айтылу ерекшеліктері ескерілді ме?

  
С. Таменова:  – Бұл жерде бірінші жә­не ең басты қағида – қазақ тілін дамыту. Және де қазақ тілінде экономика, қаржы  саласы бойынша қандай көне сөздер бар, соны қайтадан қалай пайдалануға болады деген жағы да ескерілді. Сонымен қатар, қазіргі  жаһандық үрдістерге байланысты барлық салада  халықаралық қалыптарға (стандарттарға) ауысып жа­тырмыз, жаңа сөздер  өте көп, кеңінен тарап кеткен терминдер бар, оған балама  іздеудің керегі бар ма деген көзқарастар да қамтылды. Сөздіктер осы қағидалар негізінде жасалды. Айталық, теңге – қазақтың көне сөзі, өзімізге өте жақын. Сондай-ақ, журналистер көп айтатын «нәпақа» деген сөз бар. Осы сөзді біз экономикадағы заработная плата, оплата труда, заработок деген термин­дерге балама іздеу барысында сәт­ті қол­дандық, нәпақа – заработок де­генге келеді. Яғни, аталған терминдерді эконо­микалық мазмұнына орайластыра келтіруге тырыстық. Мұндай ізденістер, сәтті баламалар сөздікте аз емес. 


М. Кенжебай: – Сіз­дердің айтуыңызға қа­рағанда, бұл термин мәселесі емес, орысша­дан қазақшаға аударма мә­селесіне ұқсап кетті. Сөздікті жа­сау­шы­­лар­дың басты проблемасы – орысшадан қа­зақшаға қалай аудару бағытында бол­ғаны көрініп тұр. Кейінгі кезде кейбір ғалымдар термин сөзге тиісуге болмайды дегенді шығарды. Біріншіден, «термин» дегеннің өзі шек, шектеу, шекара деген сөзді білдіреді. Екіншіден, ана терминге тиісуге болмайды, мына терминге тиісуге болмайды дегеннің өзі тегін емес. Мұстафа Шоқайдың «мәдени отарлау» туралы айтқаны бар. Терминді өзгертпей қолдану дегеннің өзі ойлап қараған адамға, мәдени отарлауды меңзейді, оның ар жағында үлкен саясат жатыр. Бұл – тілдік отарлаудың бір түрі. Мысалы, кейбіреулер аптека, прогресс  дегенді аударуға болмайды дейді. Ал, олардың өзі әшейін сөз емес пе? Үшіншіден, мына сөздіктерге қатысты айтарым, қазақ тілін орыс тілінің сөз саптауына жығып беруге болмайды. 
Ғалымдардың арасында айтылатын «бұны дүниежүзі түгел осылай қол­данады»  дегеннің бәрі бос сөз. Негізі олай емес, прогрестің де, процестің де баламасы бар, оларды миллиард қытай өз тілінде, жапон өз тілінде, парсы, үнді өз тілінде айтады. «Самолетті» де «ұшақ» деп аудардық қой, қазір тілге сіңісті болып кетті. Тіпті, орыстың өзі кезінде қазақтың, түркілердің көп сөзін алғанын ұмытпайық. Қайталап айтам, мына сөзге тиісуге болмайды деген нәрседен аулақ болайықшы! 


А. Құсайынов: – Біріншіден, бұл сөз­діктер негізсіз жасалған жоқ. 30 томдық терминдер сөздігін жасау – күрделі ғылыми еңбек, сондықтан, Тіл білімі институтымен, тілші ғалымдармен кеңесе отырып, алдымен  осы сөздікті дайындаудың ғылыми тұжырымдамасы жасалды. Соның ішінде,  терминді аудару, сөз жасау қағидалары, іргелі ғылыми еңбектер ескерілді. Өйткені, сөздік жасаудың тәсілі де, түрі де көп. Бұл орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздік болғаннан кейін, 30 том, 30 авторлар ұжымы белгілі бір бағытта жұмыс істемесе, 30 том әртүрлі болып шығады. Сондықтан, ең алдымен терминологиялық сөздікті жасаудың ғылыми негіздері қолға алынды. Оның ішінде термин сөз бе, термин емес пе деген мәселе де бар. Термин жасаудың заңдылықтары, қағидалары – соның бәрі сол тұжырымдаманың ішінде қамтылды. 
     Екіншіден, термин мәселесі өте күрделі екендігіне орай, осы саладағы білікті мамандар жұмылдырылды, мысалы, техника саласында жұмыс істейтіндер бүкіл техникалық терминдердің шығу тарихын жақсы біледі. Бұлар – шын мәнінде, Қазақстанның салалық терминологиялық сөздігін жасасақ деп өмір бойы еңбектенген адамдар, әйтпесе, әрбір терминді сағаттап талқылауға кез келген адам шыдамас еді. Осы сөздікті жасау кезіндегі 40-50 адам қа­тысқан әрбір отырыс термин жасаудың мектебі болды десек қателеспейміз. 

Біздің қолымызда «Орыс тіліне түркі тілінен кірген терминдер» деген кітапша бар, кезінде көп сөздер орыс тіліне түркі тілінен енген, мұның бәрі осы сөздікте қамтылды. Міне, бұл осы сөздіктердің шын мәнінде терминологиялық сөздік екеніне дәлел. Ал,  енді қазақи қасиетімізді қалай сақтауға келетін болсақ, өзіміздің ұлттық дәмдеріміз қаншама, бауырсақтың неше түрі бар, қазының түрлері бар, «табан қа­зыны» «подошва казы» деп аудармайтынымыз анық. Міне, осылайша сөздік жасаудың тарихында бірінші рет, ешбір елде жоқ қазақтың мыңға тарта термин сөздерін кіргіздік, ақсақал, әмеңгер, қария, айналайын және т.б. тәрізді. Сөз­дікте осындай ұлттық қасиетімізді біл­діретін терминдерді жинап, орысша жазылу ережесімен бердік. Бұл жұмысқа жеңіл баға беруден гөрі, осы жайттарды да ескерген жөн. 


А. Әлімұлы: – Терминология ғылымында термин, термин емес деген түсінік бар. Осы тұрғыдан келгенде кейде біз термин еместерді терминге қосып жібереміз, мысалы, әскери ғылымда отставканы доғарыс деп алыпты, ал, ол термин емес, балкон – қылтима дейді, ол тұрмыстағы,  құрылыс саласындағы жай ғана атау. Осы екі ұғымның арасын ажыратып, шекарасын анықтап беретін кім және ол қандай жағдайда анықталады, яғни, елімізде терминтану ғылымының даму деңгейі қай дәрежеде?

   
А. Құсайынов: – Әр саланың өзіне тән термин сөздері бар. Айталық, техника саласында комбайн – өзі жүріп, өзі оратын машина. Біреулер машинаны арба деп аударайық дейді. Комбайн – техника саласы үшін термин, оны қазақшаға аудара алмаймыз, трансформаторды да аудару мүмкін емес. Аудару үшін трансформатордың жұмысын түгел түсіндіріп беру керек. Жалпы,  термин деген нәрсенің мағыналық күші, мазмұны болады, ол белгілі бір нәр­сені түсіндіреді, айтады, көрсетеді. Әрбір терминнің өз салмағы, жүгі бар, ат­қаратын қызметі бар, жай қарапайым сөз терминге жатпайды. Біз негізінен осы сөздікті жасағанда түркі туыстардан көп қарастырдық, орысша баламаға көңіл аударылған жоқ, өйткені, орыстың сөзінің көбі шетелден келген. Мына термин ағылшын, француз, түрік, араб – қай тілден шыққан, міне, соған назар аударылды. Кейде қоғамға тарап кеткен, неше жылдар бойы құлағымыз үйір болған сөздер сол күйінде қалдырылды. Осының бәрін салмақтап, саралап, жетілдіргенде ғана термин сөз тілді байытады. 


А. Әлімұлы: – Осында тағы бір мәселе бар, ол сонау ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан қателіктер – бір кездері Пифагор, Аристотель айтқан сөздерді біз әлі күнге дейін сол қалпында пайдаланамыз. Ал, олардың уақыты өткен жоқ па, – заман өзгерді, ғылым дамыды. Ғылым үшін қателіктердің бір ауыздан екінші ауызға көшіп жүргенінен асқан зиян жоқ деген сөз бар. Біз неге сол қателіктерді түземейміз, жөндемейміз?


Ұ. Ысқақов:
– Ғалымдар ештеңе істемей, қол қусырып қарап отырған жоқ. Қазір бізде экономикалық категорияның бәрі өзгеріп жатыр, ғылыми ізденіске деген көзқарас та мүлде басқаша. Кез келген экономикалық мәселеге жан-жақты, әр қырынан қарау керек. Конвергенциялық көзқарас – проблеманың шешімін іздестіруде бүкіл ақпаратты, білімді ұқсастыра жинақтау, біріктіру деген бар, оған да көштік. Әри­не, сіздер журналист болғаннан кейін, ескерту  жасауға міндеттісіздер, бірақ, мына сөздік жаңа ғылыми көзқарас тұр­ғысынан жазылғаны анық. 


М. Кенжебай: – Трансформаторды да аударуға болады, мысалы, қытайлар бүкіл термин сөздерді өз тілінде айтады. Кез келген сөз термин емес, ол  – бір, екіншіден, бізде кез келген ғылымдағы орыстың сөзін термин деп қазақшаға аудару дейтін жаман үрдіс бар, осыны тоқтату керек.  Айталық, мына сөздіктегі орыстың «расточительность» деген сөзі де термин бе, осы сөзді аударудың қандай қажеттілігі болды?


С. Таменова: – Бұл сөз экономика үшін  – термин және заң саласында, аудит, есеп саласында да бар. Бұл арада қоғамның талабы қандай боп жатыр, соны да ескеру керек. Осыдан біраз уақыт бұрын кредит пен ссуданың айырмашылығы туралы талас болды, осы сөздік  кітапта бұған оң жауап берілді. Екеуі екі басқа ұғым, сон­дықтан ойластыра келіп, кредитті кредит деп қалдыруды ұйғардық, ал, ссуда – несие, тағы да займ деген сөз бар, оны қарыз дедік. Осылай әр ұғымды өзінің мағынасына сәйкес орын-орнына қоюға көп мән берілді. Және де жаңадан сөз жасау, халыққа жылдам сіңіп кететіндей балама табу талпыныстары көп болды. Мысалы, шығасы деген сөзді бұрын көп қолданбайтын, расход, затраты, издержки дегеннің бәрін шығын деп аударып келді. Бірақ, оны салалық тұрғысынан қарап, экономикалық мазмұнына қарай, расход – шығыс, издержки – шығасы дедік. Бұл қолданыстан шығып қалған көптеген сөздерді жаңғыртудың дәлелі. 
Жалпы, экономика,  бизнес  сала­сының өзіндік ерекшелігі бар, әр кә­сіпорын деңгейінде, мемлекеттік бюд­жетте әрбір термин, оның ішінде расто­чительство да,  әр салаға байланысты құбылып, мәні өзгеріп отырады. Сон­дықтан да, тіл өзгеріп, дамып отырады десек, қоғамның дамуы, эко­но­миканың дамуына байланысты тілдегі өзгерістер міндетті түрде  болатын құбылыс.
– Олай болса, осындай қазақ тілін дамытуға, жетілдіруге деген ниеттен туған, қыруар еңбек пен уақыт жұмсалған терминологиялық сөздік неліктен толық қолданысқа енбей отыр? Мұның бір себебі, осыны мақұлдаған, бекіткен Терминологиялық комиссияның қо­ғамдық негізде жұмыс істеуінен емес пе?Сондай-ақ, термин сөздер Парламент арқылы бекітіліп, міндеттелсе деген пікірлер де бар. 


А. Құсайынов
: – Бұл комиссияның қауқары да, құзыреті де жеткілікті. Тер­ми­нологиялық комиссия ҚР Үкіметінің жанында жұмыс істейді. Термин мәселесіне қатысты ең жоғары құзыретті мекеме ретінде мұнда білікті ғалымдар  жиналған. Сіз айтқан мәселе қазір  қарастырылып жатыр, дамыған елдерде тұрақты жұмыс істейтін штаты бар терминологиялық үлкен орталықтар бар екені белгілі. Қазір Мәдениет және спорт министрлігінде сондай мекеме құру мәселесі қаралуда, яғни, мемлекет қаражат бөліп, арнайы құрылым құру көзделеді.Бұл жұмыс енді басталды, алдағы уақытта қазіргі Терминком республикалық орталыққа айналады, ол мекеме ел бойынша термин сөздерді біркелкі әрі тиімді қолдану жөнінде жұмыс жасайды. Ең бастысы, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде мақұлданып, қолға алынды. 


С. Таменова: 
 – Егер, қандай да бір сөз экономикада немесе бизнесте пайдаланылмаса, біз оны бұл сөздікке енгізбейміз. Өйткені, бұл түсіндірме сөздік емес, терминологиялық сөздік. Әрбір сөз экономикада, техникада, саясатта әрқилы пайдаланылады, сондықтан, оны термин ретінде аударады, яғни, бұл термин сөздердің ауысып пайдалана беретінінің көрінісі. Осы  экономикалық сөздіктегі терминдердің  50%-дан астамы шетелдік сөздер. Орыс тілінің 25%-ы ғана өзінің төл сөзі екенін бәріміз білеміз. 
– Статистикалық деректер бойынша, жыл сайын ЖОО-ларда студенттердің 75%-ы қазақша бітіреді, оның ішінде экономика мамандары да бар. Ал, Қазақстан экономикасы неге осы күнге дейін қазақ тіліне шорқақ? Тікелей білім саласында жұмыс істейтін маман ретінде осыны түсіндіріп берсеңіздер. 


Ж. Евескина: – Рыс­­­құлов атындағы Жа­ңа экономикалық уни­верситетте сту­дент­тердің 70%-ы қазақша оқиды. Қа­зақша жақсы білетін студенттер көп, олар пікірталас клубында, жарыссөз, пікір алысуда (дебаттарда) тек қазақша сөйлейді. Біздің түлектеріміз еліміздің әр түкпірінде, әр салада қызмет етеді. Біз тек қазақша терминдерді пайдаланамыз, студенттердің тіл өрістері кең. Дегенмен, экономика саласының негізінен орыс тілді екені рас, бұның бір себебі, басшы орындарда отырғандардың көпшілігі шетелде оқып келгендер. Қазір біз негізінен оқыту үрдісінде қазақ және ағылшын тілдеріне басымдық береміз. «Болашақтың» талабы да солай. Ал, шалғай аймақтардан келген түлектердің басым бөлігі өздерінің туған жерлеріне кететінін де ескеру керек. 


А. Базарбаев: – Біздің университетте қазақ тілінде берілетін сабақтардың сапасын, балалардың білімдерін көтеру мақсатымен арнайы комиссия құрылған. Ол бүкіл университет деңгейінде жұмыс істейді. Басты мақсат – оқушыларға таза қазақ тілінде дәріс беру. Біз қазақ тілінде дәріс беруді 1990 жылдардан бастадық. Студенттер ғылыми жобаларға, кон­фе­­ренцияларға қатысып, жеке қазақ секциясында баяндамалар дайындайды, мақалалар, жинақтар шығарады. Жыл сайын ұлттық валютамыз – теңгенің шыққан күнінде арнайы шаралар өтеді. Осының бәріне қазақ тілді студенттер белсенді қатысады. Жеке меншік оқу орындарында болмаса, біздің университетте қазақ тілінде оқыту мәселесінде ешбір қиындық жоқ. 


– Терминді өз тілімізде дамыту қазақ ғылымын дамытуға қызмет етеді. Ті­ліміздегі шетел терминдерінің саны жүз мыңнан асады екен. Оған қоса, бүгінгі үш тұғырлы тіл саясаты негізінде 2018 жылдан бастап бүкіл техникалық, жаратылыстану ғылымдары орыс және ағылшын тілдерінде жүретін болды. Ендеше, қазақ тілі ғылым саласынан тысқары қалу ықтималдығы қандай? 


А. Құсайынов
: – Бүкіл дүниедегі ғы­лым мен білім ағылшын тілінде сөйлейді, мұны мойындау керек. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылатын болса, ғы­лым дамуы тиіс. Ал, ғылымның негізгі бөлігі, 80-85%-ы ағылшын тілінде қа­лыптасқан. Бұл тек қазақты ғана емес, барлық елдерді мазалайтын мәселе, оған неміс пен француз да қиналады. Бірақ, бұдан ешкім бас тарта алмайды. Бұл, ең алдымен,  біздің рухани деңгейімізге,   менталитетімізге қатысты дүние, сон­дықтан, жастардың бойына ұлттық ерекшелікті, отаншылдық сезімдерін сіңіре білсек, ешбір бала өзінің ана тілін мансұқ етпейді.Тілді ұлықтауды отбасынан, ата-ана тәрбиесінен бастау керек.Баланың үш жасқа дейін миының 80%-ы қалыптасады, сол кезде оның тап-таза әле­міне не жазасыз, сол келешек дамуының негізін қалайды.

 
С. Таменова: – Заман талабына сай әрбір жас маман үш тілді бірдей меңгеріп шығуы тиіс. Оқу дәрістері, ғылыми жиналыстар, басылымдар болсын, бәрі бірдей үш тілде шығып отырса, қазақ тілі кенже қалмайды. Жастарымыз ағылшын тілін жетік білсе, ғылыми термин сөздерді сол ағылшыннан тікелей қазақ тіліне енгізіп, соның негізінде жаңадан терминдер туатын болады. Біз соған дайын болуымыз керек. 

 

Мақала «Ақиқат» журналынан алынды (№5, 2016 ж.).