Бүгінгі күні ақпарат алудың басты көздерінің бірі, бұқаралық коммуникацияның аса қуатты әрі пәрменді құралы, ол – интернет. Олай болса, интернеттегі тілдік орта үшін күрестен қазақ тілі де шет қалмауы тиіс. Интернет қазақ тілі үшін жаңа орта болса да, мұндағы қазақ тіліндегі ақпараттың көлемі де, сапасы да күннен күнге артып келеді. Бұрынғыдай емес, қазір көпшілік қауым өзіне қажетті ақпаратты қазақ тілінде іздеуге ден қойды. Алайда, бұл үрдісті тежеп отырған бірқатар теріс құбылыстар бар.  Атап айтқанда, интернеттегі қазақ тіліндегі ақпараттың сапасы төмендеу, орфографиялық, грамматикалық қателер көп, өзге тілден жасалған аудармаларда да олқылықтар басым. Әлбетте, қазақ тілді интернет тұтынушылары да ҚР-ның азаматы ретінде өз тілінде сапалы әрі толық ақпарат алуға құқылы. Бұл құқықтар, ең алдымен, ҚР-ның Конституциясында, Тілдер туралы және Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңдарда бекітілген. Сонымен бірге бұл қазақстандық тіл саясатының басты бағыттарының бірі. Яғни, еліміздегі ешбір тілді кемсітпестен, тілдердің үйлесімді дамуын қамтамасыз ету.

Айталық, Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнаманың 24-бабында: « Сатушының (дайындаушының, орындаушының) міндеттері:

1) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беруге міндетті» делінген. Осыған орай, «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында биылғы жылы «Тіл-аудит» жобасының қызметін бастады. Бұл сайттың басты мақсаты – мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық компаниялардың және қаржы ұйымдарының ресми интернет-ресурстарындағы қазақ тілінің қолданыс деңгейіне мониторинг жүргізу, ақпараттың сауатты жазылуын қадағалау, тұтынушылар құқықтарының шектелмеуін талап ету. Яғни, біз жоғарыда аталған заңдарға сүйене отырып, өзіміздің заңды мүдделеріміздің аяққа тапталмауын қадағалаймыз.

         «Тіл-аудит» сайты жүргізген мониторинг барысында қазақ тілінің әсіресе қаржы, экономика саласында қолданыс деңгейі төменірек екендігі анықталды. Бұл мекемелердің қатарында Ұлттық экономика министрлігінен бастап, «Самұрық-Қазына» ҰҚ, «Атамекен» ҰКП, «Бәйтерек» ҰБХ сияқты ұйымдар бар. Ал, банктерге келетін болсақ, елімізде қазіргі күні 35 екінші деңгейдегі банк бар.

Мониторинг нәтижесінде анықталғандай, банктердің ресми интернет-ресурстарында кездесетін басты қателіктер мынадай:

- Қазақ тілінде ақпарат беретін парақшаның мүлде болмауы. Мысалы, Сбербанк, Астана банкі сайттары қазақша ақпарат бермейді.

-  Орфографиялық, грамматикалық қателер көп. Яғни, қазақ тіліне тән қ, ң, ә, і, ғ әріптерінің қате жазылуы. Мысалы, Казинвестбанк, Фортебанктің қазақша парақшасы осындай қателерге толы.

- Аудармадағы қателіктер. Банктерде іс қағаздары ресми тілде жүргізілетіні белгілі. Соған байланысты, орыс тілінен аударған кезде қазақ тілінің заңдылықтарын елемеу, немқұрайды қарау етек алады. Мысалы, Альфабанк сайтында банк қызметкерінің сұхбатында қателер көп. Бұл жағдай Фортебанк, Хоум Кредит Банкі сайттарында жиі кездесті. Тіпті, Хоум Кредит Банкі сайтындағы қатеден көзіңіз сүрінеді: мысалы, «Все о депозитах - депозиттердің барлық», «Банк всегда под рукой – банк әрдайым қол астында» деп, калька аудармаға жол берген.

- Тағы бір жиі кездесетін қателік – қазақша тақырыппен орыс тіліндегі ақпараттың берілуі. Бұл да тұтынушының құқығын аяққа таптаудың айқын көрінісі. Мұндай кемшіліктер тіпті Ұлттық банк сайтында да бар. Сондай-ақ, Хоум Кредит банк, Фортебанк және т.б. банктер сайтында да осындай кемшіліктер бар.

Ал, қазақ тілінде ақпарат деңгейі жоғары банктер қатарында Халық банкі, Центркредит банкі, Казкоммерцбанк, Каспий банк тұр. Бұл мекемелердің сайтынан қазақ тілінде толыққанды ақпарат алуға болады.

Мониторингті қорыта келе, Қазақстандағы банктердің қазақ тілді тұтынушыларға бет бұрғаны байқалды. Ал, кемшіліктерге келетін болсақ, Қазақстанда жұмыс істеп отырған Сбербанк тәрізді шет елдік банктердің осы елдің заңнамасын құрметтеуін талап ету, міндеттеу, өз клиенттерінің сұранысын ескеруі, азамат және тұтынушы ретіндегі құқықтарын аяққа таптауға жол бермеуіміз жөнінде баса айту қажет.

Ал, аталған қателіктердің түзетілуін қадағалауды азаматтық қоғамның мүшелері ретінде өзіміз де талап етуге тиіспіз. Тіл-аудит сайты осы тұрғыда жұмыстарды жалғастырып, ескертулердің дер кезінде шешімін табуына мән береді. Яғни, осы қателіктер туралы банк басшылығына ескерту-хат жазып, түзетілмеген жағдайда «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңға сәйкес әрекет етеміз. Яғни,  «8-бап бойынша, Өтiнiштi қарау мерзiмдерi»:

1.Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектіге, лауазымды адамға келіп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады».

Жалпы, қазақ тіліне қатысты мәселелерде әрбір азамат күнделікті өмірде  өзінің заңды құқықтарын талап етіп отырса, бұл саладағы біраз кемшіліктер жойылар еді. Сондай-ақ, қаржы, банк саласы тәрізді негізінен орыс тілді мекемелерде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету, қызметкерлерге қазақша сөйлеу, ақпарат сұрау әдеттегі жайтқа айналуы қажет. Сонда ғана  қазақ тіліне деген сұраныс бар екендігі мойындалып, тиісінше жауап та болатыны сөзсіз.